Мектеп тарихы

«Болашақ» мектеп мекемесінің тарихы 

Шымкент қаласында алғаш ашылған жекеменшік мектептердің бірі. Ел азаматы Қуашбай Саттар ағамыз алдымен 1998 жылы «Болашақ» мектебін, сосын «Болашақ» колледжін, кейінірек Алматы экономика университетінің Шымкенттегі филиалын ашып, өзі осы оқу орындарына білім беру құқығын алды.

Саттар Қуашбайұлы 1955 жылы 24 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданының Алғабас елді мекенінде дүниеге келген. 1973 жылы Ленгір қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы №2 қазақ орта мектебін бітірген соң, Бірінші мамыр ауылындағы осы аттас кеңшардың комсомол-жастар бригадасында жұмыс істеген. 1975 жылы ҚазГУ дайындық курсына түсіп 1981 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, 1995 жылы Орта Азия гуманитарлық-экономикалық институтын тәмамдаған. Мамандығы-экономист, географ, заңгер.

Университетті бітірген соң, жолдамамен Жезқазған мемлекеттік институтына жұмысқа орналасып, 1981-1985 кәсіподақ комитетінің төрағасы. 1985 жылы Алматы халық шаруашылығы институтының Шымкент филиалындағы жалпы пәндер кафедрасының аға-оқытушы болып ауысып, ұстаздық қызметі мен шығармашылық жұмыстарын қатар алып жүреді. 1989 жылдан-«Қазақ экологиялық орталығында» аға ғылыми қызметкер, 1990 жылдан- Педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтында аға оқытушы, проректор, 1996 жылдан- «Ұлагат» университетінің Шымкенттегі филиалында директор болып еңбек еткен.

        1999 жылы Мәскеуде аспирантураны бітіріп, кандидаттық диссертациясын қорғап келген соң, Алматы Экономикалық университетінің Шымкенттегі филиалын, 2007 жылдан – Шымкент университетінің Экономика институтын басқарады. 2008 жылы қазақ ұлттық аграрлық университетінде докторлық диссертациясын қорғап шыққан ғылым-ұстаз сол жылы Шымкент университеттінің вице-президенті және проректоры болып еңбек етеді. Ал, 2009 жылдан күні бүгінге дейін Шымкент университеті экономика институтының директоры қызметін атқарып келеді.

Елім деген ерін халқы да қашанда қадірлеп, қастерлеген. Сондықтан ертеңгі ел тізгінін ұстар ұрпақтың тәрбиесіне үлкен жанашырлық, қамқорлық көрсетіп жүрген азаматты төлебиліктер Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының V және VI шақырылымдарына қатарынан екі рет депутаттыққа сайлап, халық сенім білдірді. Әрбір жықпыл-тасына дейін таныс туған жерінің артық-кемін жақсы білетін, әрі ауыл-жұртына жиі қарайласып, перзенттік парызын  жиі орындап жүретін Саттар Қуашбай өз сайлаушыларымен етене араласып, мұң-мұқтажын танып білу қиын болмады.

Саттар Қуашбай облыстық мәслихаттың V және VI шақырылымдағы облыс мәслихат депутаты, облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы ретінде өзіне жүктелген міндет – яғни білім, денсаулық, әлеуметтік қамсыздандыру, спорт, туризм салаларыда осыған дейін айналысып келген төл жұмыстарының еңбегі бағаланды. Сондықтан халық калаулысының алдымен өз сайлау округіндегі осы мәселелерге баса назар аударуыда түсінікті. Мәселен, оның депутаттық ықпалымен Төлеби ауданында 5 мектеп пен Бірінші мамыр ауыл округінде мәдениет сарайы салынып, пайдалануға берілсе, Аққұм ауыл округінде «Момынай», «Жаңа ұйым» мектебі, Бірінші мамыр ауыл округінде «Алғабас» мектебі, М.Әуезов мектебінің қосымша құрылысы, Әл-Фараби орта мектептерінің іргесі қаланды. Сондай-ақ, орталыққа жиі ат шалдыра алмайтын алыстағы ауыл тұрғындары үшін фельдшерлік-акушерлік пунктер салынды. Жаны жомарт азамат, сондай-ақ Төлеби ауданындағы №4 мектеп-интернатында оқитын 250 балаға ағалық қамқорлық көрсетіп, қажетті киім-кешек, мектеп құралдарымен қамтамасыз етті.

Ұлағатты ұстаз, ғалым 120-дан астам ғылыми еңбектің және 3 оқулықтың авторы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Саттар Қуашбай «Парасат» және «Құрмет» орденімен, «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», «ҚР білім беру ісінің үздігі», «Нұр Отан» партиясы, «Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкері», «Меценат», төсбелгілерімен, «Оңтүстік Қазақстан облысына сіңірген еңбегі үшін», «Д.Қонаевтың 100 жылдығы», «Семей полигонының жабылғанына – 20 жыл», «Батыр шапағаты» медальдарымен, ҚР Президентінің Алғыс хатымен, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің, ОҚО мәслихатының, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, ОҚО білім департаментінің грамоталарымен марапатталған. «Алтын жүрек» аталымының иесі. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жыл төс белгісі, «Нұр-Отан» партиясы Әл-Фараби ауданының саяси кеңес мүшесі, Түркістан облысы, Шымкент қаласының және Төлеби ауданының құрметті азаматы.

Кешегі «Болашақ»

     «Болашақ» мектеп мекемесі 1998 жылы қаланып, білім беру ісін бастады. Сол жылы күз айында оқушыларды қабылдап, музыка, хореография, бірнеше оқу бөлмелерімен, шағын кітапханасы бар, ас бөлмесімен медициналық пункт, бейнелеу бөлмелері бар қазіргі «А» «С», және бастауыш сыныптарына арналған корпусында білім жолы бастау алды.

       Заман талбына сай мектебімізде сауықтыру спорт комплексі, жаңа спорт залы, психолог, дефектолог логопед, медбике секілді мамандармен толыға түсті. Оқу жылында жаңа асхана ғимараты іске қосылды.

Бүгінгі «Болашақ»

Қазіргі таңда оның жылдар бойғы тынымсыз еңбегің жемісіне айналған бұл оқу ордасы «Болашақ» үздіксіз білім беру орталығы» болып жұмыс атқарып келеді. Мұнда балабақшадан бастап, бастауыш мектеп, орта мектеп, колледж, университет, магистратураны сатылай бір жерде оқып шығуға мүмкіндік жасалған.

Заман өзгеріп, уақыт өтсе де өзгермейтін қағида-білім және тәрбие беру. Бүгінгі таңда мектебімізде 1130 балаға білім берілуде. «Болашақ» мектебі оқушылары қалалық, облыстық, республикалық «Дарын», «Зерде», «Ой-сана», «Бәйтерек», «Ақбота», «Кенгуру», «Руский медвеженок», «Золотое руно» «Дебат» клубтары,  олимпиадалары мен конференцияларына қатысуы, жүлделі орындар иемденуі қалыпты жағдайға айналып келеді. 

Жыл сайын гимназия табалдырығын бүлдіршіндер аттап кіріп, ал түлектер алтын ұя мектебінен қанаттары қатайып, әлемнің түкпір-түкпіріне жол тартуда. Атап айтсақ, 2-сынып оқушысы Байгана Нұрдаулет БАӘ Дубай қаласында өткен Халықаралық олимпиадасында І орын, Қазақстан мен Қырғызстан мемлекеттері арасында дарынды балаларға арналған ментальды арифметикадан халықаралық турниринде ІІ-ші орындарға ие болды, дәл осы турнирде 2 сынып оқушылары Полатбек Нұрхан ІІ орын, Серікбай Жұлдыз ІІ – ші орын, Маратбекқызы Амина ІІІ орын, Бектай Нұрсая ІІІ орындарды иемденді. 2023-2024 оқу жылында  10- сынып оқушысы Жоланбеков Жанәділ Нұрланұлы Назарбаев университетіне грант жеңімпазы, 11 сынып оқушысы Остемир Багдаулет респбуликалық дебат жеңімпазы  атанып, А.Аймағамбетовтің мадақтамасына ие болды.

     Жаһандану үдерісінен  қалыспай, бәсекелестікке қабілетті, еліне қамқор бола білетін тұлға тәрбиелеу ісі жалғасын табуда. Қиын да қызықты осынау педагогикалық өмір жолында баршаңызға сәттілік тілейміз.